top of page

ТАТАРЛАР ЗАТТЫБЕККЕ «ҚҰДА» ТҮСТІ

Қазақ әні ТМД кеңістігіне өзін мойындатып үлгерді. Біз бұған милетшілдікпен қуанамамыз. Бірақ, осы «Ән мен әншімізді» насихаттау жағы жоғары жақ тарапынан жетіспейді. Дегенмен, қазақ әнінің қазіргі жеткен биігі өзі турасында жеке сөз етуді қазақ қоғамынан талап ете бастады.

Ресеймен достығымызды алға тарта отырып, танымал әншілерімізді ондағы түркі тілдес елдерге ән-сапармен шығаруды жолға қоятын кез жетті. Ресейдің ТМД төңірегіне танымал әншілері ендігі жерде қазақ елінде өз тыңдарманын таба алмайды. Бұл жете ескеретін факті.

Енді біз сөз етпек болған жайт татардың өз тілінде 24 сағат хабар танытатын қос музыкалық арнасы қазақ әндерін жергілікті колоритпен өзгеріске ұшыратып, ұлттық нақыштарына бейімдеп өз қарларына тарта бастады. Жақында Заттыбек Көпбосынұлының орындауындауындағы «Жаным» әнін ТР белгілі әншілері ерлі-зайыпты Дина мен Рафэль Латыйповтар өз репартуарына кіргізіп, татар телекөрермендеріне ұсынғаны. Ән татар мәнерімен «яным» емес, қазақ мәнерімен «жаным» деп шырқалды, әрі атауы да «Жаным» деп жазылғанымен қазақ әні деген анықтама берілмеді. Бұл жиендік пе, әлде Заттыбек бауырымызбен араларында келісімдері бар ма осы арасын біле алмадық.

ТАНЫМАЛ ӘНШІ, ПРОДЮСЕР ДАСТАН ОРАЗБЕКОВ ЖАҢА ТОПҚА КАСТИНГ ЖАРИЯЛАЙДЫ!

Дастан Оразбеков өзі продюсерлік ететін жаңа қыздар тобына және болашақ топтың атауына байқау жариялайды. Топқа әртүрлі жанрдағы әндерді бірдей әрі сапалы деңгейде орындай алатын вокалистер керек.

Егер, сіз әдемі, жас болсаңыз, вокал мен хореографияны жетік меңгерген болсаңыз, егер еліміздегі ең ерекше қыздар тобына мүше болғың келсе, егер заманауи сапалы музыкаға құштар болсаң, егер шоу-бизнес мамандарымен жұмыс істегің келсе, бағыңды сынап көр!!!

Топ құрамында 4 қыз болады. Іріктеуге әдемі даусы бар, сүйкімді келбеті бар, жасы 18 бен 23 аралығындағы, бойы 170 ден басталатын, салмағы 53 кг жетпейтін, кез-келген ұлт өкілінің қыздары қатыса алады.

Үздік қыздар тобының әншісі болу үшін, өз ынта-жігеріңізді толықтай пайдаланыңыз! Сіздерді жаңа хиттер, жаңа бейнебаяндар, түсірілімдер және Қазақстан бойынша үлкен гастрөлдік сапарлар күтеді.

Топқа үздік атау ұсынған жеңімпазға — iPhone 6 сыйға тартылады.

Естеріңізге сала кетсек, Дастан Оразбеков – «Орда» тобының белді әншісі. Бүгінде, ол — танымал әнші, актер, биші, музыкант әрі продюсер. Оның өнер айдынында жүргеніне 17 жыл болды. «Запрещенные танцы», «Астана, іңкәрім менің», «Препод» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған.

«МАРИЯ МАГДАЛЕНА» ӘНІНЕ БЕЙНЕКЛИП ТҮСІРІЛЕДІ

  

Асхат Тарғыновты танымал еткен «Мария арман едің» атты хит әнге бейнебаян түсіріледі.                                                                                                   Эксклюзивті жаңалықтың сүйіншісін әншінің PR менеджері Ринат Тәттібай сұрап үлгерді. Түсірілім 2015 жылдың мамыр айында Үндістанда өтеді деп жоспарлануда. Дәл қазір келісімшарт жұмыстары жүргізіліп, дайындық басталып кеткен. Тағы бір жаңалық аталған әнді Асхат африкалық Рич Ди есімді орындаушымен бірге шырқайды. Осылайша қазақтың бейнебаян қоржыны тағы бір сапалы туындымен толықпақ.

 

Осыдан бір жыл бұрын ғана ене атанған танымал әнші Шахизада жақында көрермендеріне жаңа бейнебаян тарту етеді. Әнші кезекті жаңа бейнебаянын түсірді.

Өнер иесі жаңа бейнебаянын Моңғолияда түсірген. Бейнебаян  Е.Елгезековтың әні мен Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Бал сезім» атты әніне түсірілген.

Әншінің қоржынында осыған дейін «Сағындым сені», «Есіңде бар ма жас күнің», «Жан жарым», «Сүйем сені» атты әндеріне түсірген бейнебаяндары бар.

Халыққа жаңа әндері мен жақсы бейнебаяндарын тарту етіп жүрген  әншінің жаңа туындысын жуырда барлық отандық телеарналардан көре аласыздар. Ендеше әншiге сәттiлiк тiлеймiз және жаңа бейнебаяны тыңдармандарының көңiлiнен шығар деген сенiмдемiз!

 

 

 

 

 

 

 

«Astana Records» студиясының шығармашылық ұжымы 2015 жылдың 7 қаңтарынан бастап «Best Z Voice» атты жаңа музыкалық байқау жобасын іске қосқан болатын. Байқаудың басты мақсаты - еліміздегі талантты жастарды әншілік қырынан таныту.

«Бұл жобаның өзге ән байқаулардан айырмашылығы – мұнда қатысушылардың тек дауысы ғана сынға түспейді, олардың актерлік шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстауы, әнді нақышына келтіре орындауы да әділқазылардың назарына алынады», - деп хабарлайды ұйымдастырушылар.


Ал тұрақты әділқазылар қатарында міндетті түрде сол саланың жілігін шағып, майын ішкен өнер майталмандары болады. Атап айтқанда, «Әзіл әлемі» театрының жаңа актеры Қажет Смағұл мен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актеры Асылбек Қапаев.

Бүгін байқаудың «Сағындырған әндер-ай» атты 5-айналымы басталады. Оған Досымжан Таңатаров пен Ардақ Балажанова, Елмұра Жаңабергенова мен «Аламан» тобы және Клара Төленбаева сынды есімі елге танылған тұлғалар төрелік етеді деп жоспарланған. 

Әндода Астананың элиталық караоке клубтарының бірінде өтеді. Жалпы, жоба 12 айналымнан тұрады. 

 

Маржан Арапбаева қыз туды

 Еліміздің танымал әншісі Маржан Арапбаева дүниеге сәби әкелді. Белгілі әнші қыз туыпты. Қуанышты хабар МузАрт тобының Инстаграмдағы жеке парақшасында жарияланды. 

 Қазақстандық әйгілі МузАрт тобы Маржан Арапбаеваның ана атанғандығы туралы жаңалықты қуана хабарлады. Осыдан кейін әншіге деген құттықтау-тілектер молынан ақтарылды. 
Естеріңізге сала кетейік, әнші өткен жылы Ербол есімді азаматпен отбасын құрып, аяулы жар атанған болатын.

 

 

Белгілі әнші Нұрлан Албан «Свобода слова» басылымына берген сұхбатында болашақта қариялардан тұратын «Абыз ақсақалдар» тобын құрғалы жатқанын айтты.

Әнші осы уақытқа дейін «Аруана» деп аталатын әжелер тобын құрғанын, ал алдағы уақытта тағы бір үлкен жобаны жүзеге асырмақ ойы бар екенін жеткізді.

«Мен қазақтың әжелерін ғана емес, сонымен бірге аталарымызды, қарияларымызды сахнаға шығарғым келеді. Осы мақсатта үлкен кастинг жарияланады. Аталардан, қазақтың абыз ақсақалдарынан құралған топ құрмақ ойым бар, қазір осы мақсатта 7 атаны іздеу үстіндемін«, — деді Нұрлан Албан.

Ал аталарға қойылар талап қандай деген сауалға әнші: «Соншалықты ауыр талап қоямын демеймін. Топты сөзі салмақты, ойы орнықты, қазақылығы мен иманы мол, сақал-мұрты келіскен ақсақалдардан құрсақ деймін. Тек одан кейін барып музыкалық қабілетін бағалайтын боламыз«, — деп жеткізді ол.

Сонымен қатар, әнші Албан топтың қалай аталатыны әлі анықталмағанын айтты. Егер талапқа сай келіп, тек қана сахна төрінде емес, өмірде де ақылшы болатын ақсақалдарымыз табылып жатса, жобаның жемісті боларына сенетінін атап өтті.

 

 Әнші Мөлдір Әуелбекова сүйіктісінің суретін жариялады.
Жақында ғана Мөлдір Әуелбекованың Instagram парақшасына әлдебіреулер шабуыл жасап, әншіні 300000 мың оқырманынан айырған болатын. Өз аккаунтын қайтарып алуға еш мүмкіндігі болмаған әнші жаңа парақша ашты. Әнші бүгін жаңа парақшасындағы оқырмандарымен ерекше суретімен бөлісті. Осыған дейін ешқашан жарияламаған сүйіктісінің суретін әнші Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына салды.
Сондай-ақ, қазір Мөлдір жақында жетекшілігіне алған Индира Елемес есімді жас әншімен шығармашылық жұмыстары бойынша Дубай қаласында. Индира Елемеске жаңа бейнебаянын түсіріп жатыр.
Жаңа бейнебаянды алдағы айларда көретін боламыз және әншінің жеке өмірінен жақсы жаңалықтар күтеміз!

 Әнші Алмас Кішкенбаев отбасымен Алматыдан Астана қаласына қоныс аударды.Осыған дейін әнші Астанаға қоныс аударатыны жайлы айтқан болатын. Енді толығымен бас қаланың тұрғыны атанды.
Сонымен қатар, әншінің жетекшілігіндегі «V Alem» тобы да Астанаға көшті. Ал екінші жобасы, былтырғы «Қазақстан Дауысы» жобасының финалисі Тимур Омаровпен жұмысын тоқтатыпты. Алмас Тимурға бірнеше ән жазып, бейнебаян да түсіріп берген болатын. Қазір әншінің продюсерлік орталығында тек «V Alem» тобы. Сондай-ақ, білуімізше Алмас енді биылғы «Қазақстан Дауысы» жобасының финалисті Иса Алимусаевпен жұмыс бастамақ екен.

 

 

«Kesh You» тобында келесі айдан бастап өнер көрсететін жаңа есімдер белгілі болғандай.  Осыдан бірнеше уақыт бұрын «Kesh You» тобынан Айдананың кететіні туралы жазған болатынбыз. Бұл жөнінде топ продюсері Баян Есентаева арнайы сайтымызға берген эксклюзивті сұхбатында топтың құрамы өзгеретіні және Айдананың топтан кететіндігін мәлімдеген болатын.

«Герлз бенд деген сондай, құрамы үнемі өзгеріп отырады. Біреу күйеуге шығады, біреу жүкті болады, бірі жұлдыз ауруына шалдығады, екіншісі махаббаттан басы айналып қалады. Қыздар коллективін ұзақ ұстап тұру оңай емес, алайда «Kesh You» бүгін пайда болып ертең жоқ боп кететін топ емес екендігін қанша жылдан бері дәлелдеп келеді. Бірақ құрам өзгереді. Мен сіздерге мұны сенімді түрде мәлімдеймін! Айдана тұрмысқа шыққалы жатыр, сүйіктісі барын бәрі біледі. Тойдың қашан болатыны әзірге белгісіз, Айдананың «Kesh You» тобыменмен келісімшарты ақпан айында бітеді. Одан соң ары қарай көре жатармыз, тойдың күні де сол уақытқа белгілі болып қалар. Бірақ 99 пайыз сенімді түрде айта аламын «
Kesh You» дің құрамын өзгертеміз»,-деп айтқан болатын.

Кеше Баян Есентаева өзінің Instagram- дағы парақшасында екі әнші арудың  фотосуреттерін комментарийсіз жариялады. Тіпті қыздардың аты-жөні де белгіленген жоқ. Біз осы орайда қыздармен жақынырақ танысу мақсатында әлеуметтік желілердегі  парақшаларын іздестіріп көрдік. Балжан және Ақбота — ғаламтордағы көпшілік бұл екі аруды «Kesh You» тобының жаңа құрамында өнер көрсетуі мүмкін деп отыр.

 

 Егер Айдана Меденова продюсермен келісім шарты аяқталатын болса,демек Кәмшат Жолдыбаеваның да топтағы тағдыры біз үшін белгісіз. Мәселенің мән-жайы осы айдың аяғында анық болады.

 

 Осылайша он жыл ішінде топтың құрамы 7-рет өзгермек. Топтың құрамында осы уақытқа дейін Әнел Арынова, Зумрад Гараева, Маржан Мендыбаева, Наиля Заитова, Мөлдір Әуелбекова, Жанар Дұғалова сынды арулар өнер көрсеткен.

Әнші Алмас Кішкенбаев халыққа кішкентай қызын таныстырды

SuperStar.KZ жобасы арқылы халыққа кеңінен танылған әнші Алмас Кішкенбаев жұртшылыққа өзінің қызын көрсетті.

 Талантты әнші отбасылық суреттерін Instagram желісіндегі парақшасына жариялаған. Кішкентай сәбидің есімі - Зере.

Алмас бұдан бұрын қызы дүниеге келгенде қуаныштан көзіне жас алғанын да айтқан болатын. Тіпті, әйелінің жүктілік кезеңі қалай өткенін де әнші жасырмаған еді.

 

Қытайда Мейрамбек Бесбаевтың «сыңары» табылды

  Дауысы да, түр-сипаты да Мейрамбек Бесбаевтан аумайтын әншінің аты-жөні - Бақыткелді Мұқашұлы. Ол 1989 жылы Шыңжаңдағы Іле Қазақ автономиялық облысының Шапшал-Сибо ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Қытайдың Үрімші қаласында тұрады. Мұқашұлы 2008 жылы Қайнар Бәзілжанұлы, Санат Тұрсынбақытұлы деген өнерпаздармен бірлесіп, "Гәкку" атты топ құрады, екі альбомды жарыққа шығарады ("Жаңаарқа", "Басқа жыл"). Алайда бұл топ Қайнар есімді әншісінің Қазақстанға көшуіне байланысты тарап кетіпті.Бақыткелді Мұқашұлымен "Гәкку" атты топта бірге өнер көрсеткен әнші Қайнар БәзілжанұлыTengrinews.kz тілшісіне Мейрамбек Бесбаевтың жас "сыңары" туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Бақыткелді Мейрамбекке бала кезінен еліктеген. "Бақыткелдінің дауысы шын мәнінде Мейрамбек ағамыздың дауысына ұқсайды. Өзі домбыра да шертеді. Жүріс-тұрысы, қимылын сахнадан көргендер Бесбаев екен деп қалатынын ылғи айтып жүреді",- деді ол.

 

 Соңғы кездері талай хитті дүниеге әкеліп, тынымсыз еңбек етіп жүрген «Арай» тобында тағы да өзгерістер орын алды. Жоқ, топ құрамында емес -қазақстандық топтың басшылары ауысты. 

 Бұған дейін «Эрик Тастембеков біздің продюсеріміз емес» деген жігіттер жуырда мүлдем басқаша хабарлама жасады. «Біз Эриктен бөлек кетіп, өзге продюсермен жұмыс жасауға кірістік. Ал, қаншалықты сәтті болатынын уақытында көретін боласыздар»,- дейді серілер. Айтпақшы, аптаның демалыс күндері «Арай» тобының әншілері жаңа бейнебаяндарын түсірді. «Аққурай» деп аталатын туынды жаңа продюсермен бірігіп жасаған алғашқы туынды болмақ. Ендеше, тек сәттілік тілейміз!!!

 

 

Əнші Сəкен Майғазиевтің 8-наурызда сағ. 19.00-ге белгіленген мерекелік концертіне қосымша сағ. 16.00-де екінші концерті өткізілетін болды.

Бұл шешімді Астана қаласының мəдениет басқармасы, атап айтқанда осы мекеме басшысы Болат Мажағұлов мырза мен əнші Сакен Майғазиев толассыз түсіп жатқан халық өтінішін қанағаттандыру мақсатында қабылдағаны белгілі болып отыр.

Сонымен қатар, кеште «МузАр » тобы, Алтынай Жорабаева, Мәдина Садуақасова, Маржан Арапбаева, «МелоМен» тобы, «Арай» тобы, «Парасат» тобы қонақ болады.

 

RichText.

 

Ләйлә Сұлтанқызы шетелдік әнші Томас Невергринге шашын айранмен жууға кеңес берді.

Бүгін Астанада қазақ өнер жұлдыздары мен шетел жұлдыздары бас қосты. Кездесуді Қазақстанда тұңғыш рет өтетін МузТв премиясы алдындағы алғашқы достық басқосу деуге болады. Кеште Гүлнұр Оразымбетова, Динара Сатжан, Асхат Садырбай, Ләйлә Сұлтанқызы, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Қоянбаев, Жан Мұқанов және өзге елдерден Томас Невергринг, Потап пен Настя, «МузТв» арнасының директоры Арман Давлетияров болды.

Кеш барысында Томас Невергринг жанды дауыста ән салып, көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ,  «Астананың ауасы құрғақ екен. Шашым құрғап кетті»,- деді әнші. Осы орайда Ләйлә Сұлтанқызы «Шашыңызды айранмен жуыңыз» деген кеңес берді.

Айта кету керек, биыл Астана қаласындағы Астана Аренада алғаш рет МузТв премиясы өтеді. Сонымен қатар, осыдан бірнеше күн бұрын Астана қаласында «МузТВ-Гравитация» марапаттау рәсімі туралы баспасөз конференциясы өтті.

 

Ақпанның 22- сінде   «Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымының жеңімпазы Бауыржан Ретбаев пен жақында атауын өзгерткен «Дауыс.кз» тобының мүшесі Бердібек Құлғараев туған жерге оралды. Ақтау әуежайына келген әнші жігітті ата-анасы және бір топ жанкүйерлері күтіп алды. Олар жас әншіні жеңісімен құттықтап, естелікке суретке түсті. Бауыржан өз кезегінде өзіне дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысының шексіз екенін тағы бір рет айтты.

Ал бізге Маңғыстауға оралған Бауыржанмен сұхбаттасудың сәті түсті. 

- Жеңісің құтты болсын! Жобадағы ең қиын сәттерің қай кездер болды?

- Ең қиын сәттер бір эфирден кейін екінші эфирге  түсірілімге таңертең  ерте барған кездер дер едім. Ол кезде интервью беріп, дайындық жұмыстарымен қызу айналысасың. Одан басқа айтарлықтай  қиындықтар бола қойған жоқ.

 — Жеңіске жетуің тәлімгеріңнің немесе Ұлықпан Жолдасовтың арқасы ма?

- Мен тәлімгерім немесе Ұлықпан ағаның арқасы дей алмаймын. Маған бірінші болып көмектескен халық. Мұның барлығы халқымның арқасы. Бұл жерде барлығын халықтың дауысы шешті. Мықты деген дауыс иелері өтпей қалып жатты. Өздеріңіз көрдіңіздер.

 

- «Дауыс.кз» жақында гастрольдік сапарға шығады дегенді естідік. Қай қалаларды араламақ ойларыңыз бар?

- Ия, гастрольге шығу ойымызда бар. Қай қалаларды аралайтынымыз әзірге белгісіз.  Әзірге студияда ән жазып жатырмыз.

- Жаңа ән жазып жатырсыз ба? Олар қандай мазмұнда?

- Ия, жаңа әндер жазып жатырмыз. Он-жиырма өлеңді альбомға дайындау үстіндеміз. Қазірше екі өлең бар. Біреуі «Аққанат айдай періштем» деген лирикалық ән. Екіншісі «Ақмаңдай» деген қазіргі жастардың стиліндегі «клубняк» деп жататын әндердің қатарына жатады.

 — Басқа қандай тілдерде ән айтасың?

- Испан, итальян, орыс тілдерінде ән айтамын. Бірақ «Қазақстан дауысында» шет елдік әндерді айтуға көп мүмкіндік болмайды. Жобада бір рет қана шет тілінде ән орындайсың.

-Сұхбатыңа рахмет!

 

- Финалда орындаған өлеңдеріңнің ішінде қайсысы ең қиыны болды?

-  Финалда орындаған әндерімнің ішінде ең қиыны «Сен мұңымды бер маған» әні болды. Өйткені, бір аптада үш әннің сөзін жаттау оңай емес.

-Ұлықпан Жолдасовтан басқа да шақырған продюсерлер болды ма?

-Ия, шақырып жатқандар көп. Аса танымал продюсерлер деп айта алмас едім. Бірақ Ұлықпан ағаны біз («Дауыс.кз» айтады) әке деп есептейміз. Ұлықпан ағаны далаға қалдырмаймыз.

-5 млн теңгені қайда жұмсамақ ойың бар?

- Осыған дейін шығармашылығыма жұмсаймын ба деп ойлап едім. Бірақ қазір ойланып жүрмін. Үстіне қаражат қосып үй алғым да келеді. Алматы немесе Астана қаласынан.  Оны алдағы уақытта көрерміз

 

 

Бейбарыс, Жанарыс, Еларыс атты үш арыс пен Ақбота сынды арудың анасы, қазақтың әнші қызы Роза Әлқожа дүниеге бесінші сәбиін алып келді.

Жұбайы Айдын Қаба екеуі де «Ақботамызға сіңілі керек» деп ниеттеніп жүрген еді. Жаратушы сол тілекті қабыл етсе керек. Жаңадан дүние есігін ашқан күл шашардың салмағы — 3 кг 850 грамм, бойы — 53 см.

Аналық қуанышымен алаштың аяулы қызы өзінің Фэйсбуктегі жеке парақшасында былай бөлісті: «Аллаға мың мадақ!!! Бүгін таңғы сағат 8-де менің гүлім жарық сәулені көрді. Елдің бата-тілегі деп білемін! Ниеттес жандардың баршасына Алла пана болсын!»

Қуаныш иелері шақалаққа әзірге қандай есім қоятындарын таңдау үстінде. Сіңлісіне ат қою мәртебесі әпкесі Ақботаға берілуі де ғажап емес. Нәрестенің бауы берік болсын!

 

 

 

 

 

 

Бүгін талантты әнші Мақпал Исабекованың туған күні. Өнер иесі бүгін 31 жасқа толды.

Мақпал Исабекова 1984 жылы 21 ақпанда Жаркент қаласында дүниеге келген.  Әкесі суретші, анасы психолог. Жанұясында 3 бала, Мақпал үйінің кенжесі. 2002 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің финанс-экономика мамандығы бойынша оқуға түскен. 2004 жылы «Super Star» жобасына қатысқан. Жобадан кейін продюсер Эрик Тастембековпен бірге жұмыс жасайды. 2005 жылы алғашқы «Первый поцелуй» атты альбомы жарық көрді. Сонымен қатар, «Новая волна» ән байқауына қатысып, «Көрермен көзайымы» атағына ие болды. Алматы қаласында өткен «Выбор года» фестивалінде «Алтын адам» номинациясын алды. Ресейлік Нюша, Доминик Джокер сияқты әншілермен де жұмыс жасады. 2009 жылы Мәскеудегі ГИТИС-ке оқуға түскен.

Әншіні бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз! Зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық табыстар тілейміз!

Осы орайда сұхбаттарында айтқан қызықты да мағыналы әңгімелерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

  

Мақпал өнерді, өзінің жұмысын аса бағалайтын әнші және содан рахат алады. Өмірінде өнерді ең бірінші орынға қояды. Мен жұмысымнан ләззат аламын. Ән айту, сахнаға шығу осының бәрі маған рахат сыйлайды. Егер мен тұрмысқа шыққанда, жарым мені үйде отырғызып қойса мен оған шыдай алмаймын. Жынданамын, төзе алмаймын. Егер ол менің жұмысыма түсіністікпен қараса, мен де ол үшін бәрін жасайтын боламын.

Сондай – ақ, тек өзін қолдайтын достарының кеңесін тыңдайды. Мені қолдайтын, маған күш беретін, биікке шығуыма көмектесетін,  «сенің қолыңнан бәрі келеді, алға!» дейтін достарымның сөзін тыңдаймын.

Мәңгі бірге болатын адамдар міндетті түрде кездесетініне сенеді. Бірге болатын адамдар ерте ме, кеш пе бәрібір кездеседі. Мен болашақта өзімнің бақытты  болатынымды сеземін. Мен әнші болатынымы білген сияқты, өз жанұяммен бақытты өмір сүретінімді де білемін. Қазіргі 30 жастан ассам да тұрмысқа шықпағаныма жақсы жағынан қараймын. Себебі бәрі өз уақытымен.

Әншінің айтуынша бағындырар белестері әлі алда. Ең басты жетістіктерім әлі алда. Өмірімде осы уақытқа дейін сағым сынған кездер болмады. Бұл мен үшін маңызды.

 

 Қазіргі өнер әлемінде жүруіне тікелей себепші болған анасы. Менің өнер жолына келуім «Super Star» жобасынан басталды. Мен бұл жобаға өз еркіммен келмес едім. Өйткені өз-өзіме аса сенімді болған жоқпын. Жобаға барып, кейін әнші боламын деген ой болған емес. Ал анам болса сол кезде маған келіп «жоба болайын деп жатыр екен, әділ-қазылар алқасында Батырхан отырады. Бәрі ашық, айқын өтетін шығар. Сол жобаға барайық» деп ұсыныс айтқан болатын. Содан кейін жобаға келдім.

Өзінің әнші болатынын кішкентай күнінен сезген екен. Мен мектепте оқып жүрген кезімде ән айтатынмын. Сонда сыныптастарым, достарым маған үнемі «сен неге музыкалық мектепте оқымайсың? Неге музыкадан сабақ алмайсың?» деп айтатын. Сол кезде «мен міндетті түрде әнші боламын. Мен оны сеземін, білемін. Бірақ маған әнші болу үшін ондай оқу керек емес» дейтінмін.

 Әнші  кез келген қиын жағдайдан шығудың жолы табылады деп санайды. Әрқашан қиын жағдайдан шығуға болады және одан шығудың жолы міндетті түрде табылады. Жақындарымнан, достарымнан сұрап үнемі жолын табамын.

 

 

Әнші Әли Оқапов пен директоры Ерлан Алимов ресми түрде жаңа жобаларын таныстырды.

Әнші мен директоры  кеше  арнайы тілшілермен кездесу өткізіп, ресми түрде жобаларының атын жариялап, бірге сұхбат берді. Кезекті жаңа жобасы бірнеше күн бұрын ғана аяқталған «Қазақстан дауысы» мегажобасының финалисі Индира Еділбаева есімді жас ару. Енді Индираның музыкалық продюсері Әли Оқапов, ал продюсері  Ерлан Алимов.

 

Индира осыдан екі жыл бұрын ғана Алматыға келді. Негізі Ақтөбелік. Осыған дейін де көптеген ән байқауларға қатысып жүрген қыз. Біздің кастингтен өткенін естігенде өте қуанышты болды. Себебі, бұндай жауап күтпеген екен. Менің ойымша Индира жартылай болса да дайын әнші. Дауысының қуаттылығы, ән айту шеберлігі, музыкалық қабілеті өте биік деңгейде. Бала кезінен музыканы сүйіп өскен және қарапайымдылығы маған ұнайды. Адам ретінде адамгершілігі мол, мінезі әлі кішкентай баладай, өте сұлу. Осындай қасиеттің бәрі бір адамда жиналғаны өте қуантады. Себебі, өздеріңізде білесіздер көбісінде түрі болса ән айта алмайды, ал ән айта алса түрі келмей жатады.

  

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана білесіздер «Қазақстан дауысы» жобасы аяқталып, Индира финалға дейін жетіп, 3-орын иегері атанды. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш болды. Осы жоба арқылы халықтың Индираға деген көзқарасын білдік, тексеріп алдық. Біріншіден Мадина Садуақасоваға алғысымды айтқым келеді. Мадинасыз ол финалға жетпес еді. Ал жеңімпазға келетін болсам, Бауыржанды мен мойындаймын. Ол «Қазақстан дауысы» атағына лайықты әнші.

Жобадан кейін көп әншілер жоқ болып кетіп жатады. Оның ары қарай өсуі тікелей дарынына байланысты. Осы орайда біз Индираның сахнадан кетпеуіне, жоғалмауына күш саламыз. Индираның өзінің қайталанбас дауысы бар. Ән айту шеберлігі жоғары. Бірақ бағыт жағынан әлі ештеңе айта алмаймыз. Индира жобада түрлі жанрда өз-өзін сынады. Бірақ әлі бір нақты бағытты таңдаған жоқпыз.

Алда бізде Индирамен бірге үлкен жоспарлар бар. Қазір 6-7 авторлық әндері бар. Оның екеуін мен өзім жаздым. 2-3 фотосессиясы бар. Енді бүгіннен бастап ресми түрде сұхбат бере аламыз.

Индира Еділбаева: Мен кастинг арқылы өттім. Кастингтің болатынын ғаламтордан оқып, түрлі видеоларымды, суреттерімді, әндерімді жібердім. 2 аптадан кейін Ерлан телефон соқты. Әрине кастингтен өткенімде өте қуаныштымын.

Ал «Қазақстан дауысы» жобасы жайлы айтатын болсам, нәтижесіне көңілім толады. Себебі, Бауыржан өте лайықты әнші.

Жалпы ән айтуды мектепте оқып жүрген кезімнен бастадым. 7-сынып оқып жүргенімде әннен сабақ беретін мұғалімім «дауысың жақсы екен, ән айтып көрші» деп айтқан болатын, бәрі содан басталды. Университетте оқып жүргенімде де ән айтып жүретінмін. Бірақ менің музыкалық білімім жоқ. Арманым Алматыға келіп музыкалық академияда оқу болған. Алайда, отбасым ән айтқанымды қаламады. Негізгі мамандығым аудармашы. Ақтөбе қаласында жоғарғы білім алдым. Кейіннен Алматы қаласына келіп жұмыс жасадым.

 Әли Оқапов:  Жалпы Индирамен таныс болғанымызға 2 жылдай уақыт болды. Бір –бірімізді ортақ таныстарымыз арқылы білетінбіз. Осыдан бірнеше ай бұрын директорым Ерлан маған «жаңа жоба алайық» деп ұсыныс жасаған болатын. Содан біз ғаламтор арқылы кастинг жарияладық. Нәтижесінде 400-ге жуық хаттар мен ұсыныстар келіп түсті. Өкінішке орай көбісі дұрыс шарт бойынша жібермеген. Дұрыс хат жібергендердің ішінен Индираның хатын қабылдадық. Алғашында таң қалдым. Себебі, мен осыған дейін Индираның жеке әнші ретінде бізбен жұмыс істегісі келгендігін білген жоқпын. Ерланға  «Индираны таңдаймын» деп айттым. Кейіннен кездесіп, сөйлесіп, қандай адам екенін, мінезін, жоспарларын білген соң осындай ортақ шешімге келдік.

 

 

«Қазақстан дауысы» жобасының екінші маусымының жеңімпазы анықталды. Екінші маусымда жеңіс Алмас Кішкенбаевтың жетекшілігінде болған Бауыржан Ретбаевқа бұйырды.

Бауыржан Ретбаев 3 бөлімнен тұрған финалда «Turkvision» ән байқауының жеңімпазы Жанар Дұғаловамен «Неге жаным?», жетекшісі Алмас Кішкенбаевпен «Сені іздеймін» және жеке өзі «Мюзикола» тобының «Сен мұңыңды бер маған» атты әнді орындап шықты. Нәтижесінде көрермендердің басым даусымен жеңіске жетті. Жеңімпазға 5 млн. теңгенің сертификаты табыс етілді.

Бауыржан Ретбаев Маңғыстау облысы Ақтау қаласының тумасы. Қазір Бауыржан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқиды және Ұлықпан Жолдасов продюсерлік ететін «Батыс» тобының әншісі.

Бауыржанды жеңісімен құттықтаймыз!

 

         

Биыл кәсіби сахнада жүргеніне 40 жыл толатын Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаеваны әңгімеге тартып, оның өмір мен өнердегі тыныс-тіршілігін білуге барынша тырысқан едік.

— 23 жыл бірге отасқан жолдасыңыз Тасқын ағамыздың өмірден өткеніне де 14 жылдан асыпты. Сағынатын шығарсыз?..

— (Күрсініп). Әрине! Ондай адамды сағынбау мүмкін емес. Өмір мен өнерде менің қалыптасуыма, осындай биік белеске жетуіме атсалысқан адам  ол — Тасқын. Басқасын айтпағанның өзінде, маған әйел бақытын сыйлаған — екі ұлдың анасы атануыма себепші болғаны үшін оған ризамын. Аяулы азаматымды ешқашан ұмытқан емеспін. Соның ошағының оты өшпесін, артында қалған ұлдары қиындық көрмесін деп, алдымнан кездескен түрлі кедергілерге қарамай, жүгіріп жүрген жоқпын ба?! Менікі соның әруағы разы болсыншы деген ой ғой.

— Қарсы болмасаңыз, сол қайғылы оқиғаға қысқаша тоқталсаңыз…

— Айтатындай ештеңесі жоқ, өмірден қалай өткенін өзіміз де байқамай қалдық. Кенеттен жүріп кетті ғой… 1999 жылдың қоңыр күзі болатын. Кешкісін ұйықтаған адам — таңертең оянбай қалды. Түнгі сағат 3-те «ана жаққа» аттанып кеткен жанды мен 8-де «шай қойдым, тұр» деп оятыппын… Дәрігерлер «жүрек талмасынан көз жұмды» деген қорытынды шығарды. Сол-ақ.

— «Сол кезде Тасқыннан пәтері мен мәшинесі ғана қалды» депсіз…

— Рас. Бірақ, ақша керек болған соң, көп ұзамай көлікті сатып жібердім. Несін айтайын, талай тауқыметті тартқанымды жасырмаймын. Тума-туысқандар көмектеспеді демеймін, алайда жолдасымның мейіріміне ештеңе де жетпейді екен…

— Сізге жасаған қамқорлығы жұрт айтатындай шынымен ерекше болды ма?

— Ой-бай, басқа-басқа, ең аяғы ұсақ-түйек алу үшін дүкенге барғаным да жадымда қалмапты. Коммунальдық төлемдер дегеннің не екенін білмейтінмін. Қалғанын айтпай-ақ қояйын… Тасқын көзі тірісінде мені алақанына салып, әрқашан баладай аялап жүретін.

— Дегенмен, жолдасыңыз көз жұмған соң барлық қиындықтарға төтеп беріп, үлкен сахнаға қайта оралдыњыз ғой?

— Тасқыннан көз жазып қалғанда «сахнаға енді шықпаймын, ән айтуды доғарамын» деп шешім қабылдағаным да бар. Әйткенмен, сол кездегі жағдайдың өзі менің өнерге оралуыма әсер еткендей. Содан Мәдиімнің 4 айлығында жолдасымды еске алуға арналған концерт бердім. Шүкір, бұдан кейін гастрольдік сапарлар, түрлі шығармашылық кештер қайта басталды ғой… Бірақ, мен сонда ғана әншіліктің сахнадан тыс жұмыстарымен де таныстым.

—      Үлкен ұлыңыз әзір кішкентай, бірнеше айлық Мәдиіңіз бар, қаралы оқиғаның өткеніне де көп бола қоймаған кез. Сол уақытта сізді алға жетелеген қандай күш?

— Алдымен Алла Тағала, одан кейін балаларым, ата-анам, бауырларым… Тасқынныњ ағасының аманаттап кеткен екі қызы және бар. Бәрі маған қарап отыр… Сол себепті, менің «сынып» кетпеуіме бірден-бір себепші болған — солар.

Бір көзімнің жеткені, бала — адамның бақытты болуына ұмтылдырады екен. Сіз білесіз бе, ішімде 7 айлық балам болғанда мен 43 жаста едім, яғни айтарлықтай жас емеспін. Әйтсе де, бойыма біткен тіршілік иесі мені өмір сүруге, жасып қалмауыма сеп болды. Бәлкім, Мәдиім болмағанда, мен мұндай жетістікке жетпес те едім, кім білсін?!

— Сол балаларыңыз бүгінде сеніміңізді ақтады ма?

— Оны айту әзір ертерек деп ойлаймын. Алайда, жас та болса, қолдарынан келгенше үмітімді ақтап жатқаны — мен үшін зор қуаныш. Бастысы, бұзық, өзімшіл, ақылсыз емес.

 

 

— Өнер адамы болғандықтан, үйде көп отырмайтыныңыз белгілі. Ұлдарыма жеткілікті деңгейде көңіл бөліп жүрмін деп ойлайсыз ба?

— Олар шығармашылық адамының қым-қуыт тіршілігін, жұмысының концерттен, гастрольден тұратынын жақсы біледі. Бөл жағынан арамызда түсінбестік болған емес. Оныњ үстіне, екеуі де кішкентай емес қой, оң-солын таныды.

— Әлидің әншілікпен әуестеніп жүргенінен хабардармыз. Кенжеңіз турасында да «жолымды қуды» деп қалдыңыз. Олардың қабілетін кәсіби  маман ретінде қалай бағалар едіңіз?

— Әлиім алдымен пианист, композитор, сосын ғана әнші. Ол — кәсіби музыка маманы. Өзі әнін жазады, өңдейді, оны орындайды. Осыны ұмытпауымыз керек. Әрі ол әлі де ізденіс үстінде. Сол себепті, мен оны қалай жаман деп айта аламын? Әйтеуір, түк білімі жоқ, ақшаның күшімен ғана жүрген әншісымақтардың қатарынан емес.

Мәдиім болса, мектептің 9-сыныбында оқып жүр. Ол да ағасы сияқты пианинода кәсіби ойнауды меңгеру үстінде. Консерваторияға оқуға түсуді армандайды. Бұйыртса, кенжем де әншілікті таңдағалы отыр.

— Қос ұлыңыздың да музыкамен айналысқанына, соны кәсібіне айналдырғанына қалай қарайсыз? Қанша айтқанмен, сіз өнердің жолы ауыр екенін білесіз.

— Мен оларға «әнші бол» деп айтқаным жоқ. Олай десем де, мына заманда әрбір адам өзінің жүрек қалауын істемей ме? Өздері таңдаған екен, қызығын да, шыжығын да көре жатар. Араласпаймын.

— Анасы ретінде олардың жар таңдауында да араласпайсыз ба? Сіз өзіндік «мені» бар, таным-түсінігі мен талғамы қалыптасып қалған адамсыз ғой…

— Жоқ. Оны да өздері шешеді. Бір айтарым, келіндерім маған қызымдай болады. ұлдарымның жеке өміріне килігіп нем бар? Солар бақытты болса, мен де бақыттымын.

— Енді шығармашылыққа ойыссақ. Жас әншілерден кімнің өнерін жоғары бағалайтыныңызды біле кетсек.

— Радио мен теледидарды қосып қалсаң, бір-біріне ұқсас дауыстар… «Мен» деп, көзге оттай басылып, тыңдағанда таңданыс тудыратын әншіні атау қиын. Бәрі де фонограммамен «өнер көрсетіп», бір әнді концертте де, тойда да орындағанына мәз. Ондайларды әншілердің қатарына жатқызбаймын, «фонерщиктер» ғой…

Әйткенмен, кейінгі буыннан ГауҺар Қаспақова, Алтынай Жорабаеваларға көңілім толады. Олар кез келген әнді шырайын келтіріп шырқай алады, дауыс мүмкіндіктері зор. Сондай-ақ, жақында ғана халықаралық байқаудан бас жүлдемен оралған Жанар Дұғаловаға да ризамын.

— Қазіргі таңда жастардың еліктеп, үлгі тұтатын тұлғаның жоқтығын немен түсіндіресіз? Мәселен, бұрынғыдай жас әншілердің өзі өнердегі аға-апаларына ұқсағысы келмейтіндей…

— Тек қана өнер иелері емес, басқа сала өкілдерінен де тұлға атануға лайық адамдар ілуде біреу. Оған себеп — бүгінде сан бар да, сапа жоқ. Кім көрінген көгілдір экранға шығып, «жұлдыз» атанып жүр. Ақшаңды берсен, сені күні-түні эфирден көрсетеді. Шынтуайтына келсек, эфир — әркімнің бір уысында кетті. Осыдан кейін жастар кімге еліктейді?!

— Ал қаптап кеткен музыкалық жобалар жөнінде пікіріңіз қандай? Қай арнаны қоссақ та, сазды сайыстарды ұйымдастырып жатады…

— Менің ойымша, түбінде барлығын да халықтың өзі екшеп алады. Ал шала-шарпы шоу-бағдарламалар, телевизиялық байқаулар уақыт өте келе эфирден ғайып болатынына сенімдімін.

— Сіз туралы көбісі «баяғы жас күніндегідей, аса көп өзгермейді» деп сыртқы сымбатыңызды мақтап жатады. Жастығыңыздың сыры неде?

— Көбісі 40 жылға жуық уақыт бойы кәсіби өнерде жүріп, жасым да біразға келген соң, «пластикалық операция жасатты-ау» деп ойлайтын болуы керек. Бұл — қате пікір. Менің экранда әдемі болып көрінуімнің құпиясы — еңбекқорлығымда. Спортпен шұғылданамын, тамақты талғап жеймін, көп уайымдамауға тырысамын… Ең бастысы, ешбір адамға жамандық тілемеймін, бей-берекет өсек айтпаймын. Міне, жастықтың «формуласы»!

Рас, жылдар өз дегенін алады. Бетке әжім түседі дегендей… Әйткенмен, қыртысты да «тәрбиелеуге» болады. Ол үшін арнайы маскалар мен боянудың қыр-сырын меңгерген жөн.

— Концертке дейінгі дайындықтан байқағанымдай, 5-6 әнді қатар орындасаңыз да дауысыңыз сол күйінше, қарлығып «жоғалып» қалмайды. Бұған енді ерекше күтіммен қарайтын сияқтысыз…  

— Өзімнің кескін-келбетімнен бұрын, өнеріме, оның ішінде дауысыма ерекше кірпияздықпен қарап, көңіл бөлетінім шындық. Жыл өткен сайын дауысыма деген «қамқорлығымды» күшейтіп келемін. Өйткені, мені танытқан, Роза Рымбаева еткен сол кең диапазоным ғой.

Бұдан бөлек, әлі күнге кәсіби мамандар мен педагогтардың көмегіне жүгініп, «былай айтсам, қалай болады?» деген сияқты ақыл-кеңес сұрап тұрамын. Неге десеңіз, бір бұрыс кетсең, дауысың дұрыс болмайды. Одан кейін «тірілей» 2-3 сағаттық шығармашылық кеш беріп көр…

— Сондай-ақ, қай концертте болсын, қостілділікті ұстанатыныңызды аңғардым. Осыдан барып мынадай сауал туындайды: сіз қазақ эстрадасының әншісісіз бе, әлде қазақстандық па? 

— Мен әуелі Кеңес үкіметінің, соның ішінде өткен ғасырдың әншісімін (күліп).Содан болар, бұрыннан қалыптасқан тыңдармандарымды ұмытқым келмейді. Олардың арасында орыстар да бар ғой. Бірақ, мені негізінен қазақтар тыңдайды. Өзім де әрдайым ана тілімдегі әндерге басымдық беремін. Сол себепті, іркілместен қазақ эстрадасының әншісімін деп айта аламын.

— Сіздіңше, Роза Рымбаева қазақ музыкасына нендей жаңалық әкелді?

— (Кідірместен). Ешқандай. Оны ақындар, болмаса композиторлар әкелуі керек. Біз автор емес, жай ғана орындаушымыз ғой. Жалпы, менің де өзіме тән «ньюанстарым» бар, осы күнге дейін «мен — кереметпін» деп кеуде қаққаным есімде жоқ. Тек Алла ғана мінсіз.

Бір анығы, мен осы саланы жаңалық енгізу үшін таңдамадым. Менің қалауым — ән салу болды. Концерттерде, түрлі байқауларда да соны ғана көздедім. Қалғанының бәріне сол дауысымның, өнерге деген тазалығымның арқасында қол жеткіздім деп ойлаймын. Әйтпесе, ана-а-у жақта көкем жоқ, ата-анам қарапайым теміржолшылар болды, жолдасым да жай ғана музыкант  еді…

— 40 жылдан бері ән салып келесіз. Сіз өнер көрсетпеген мемлекет, орындамаған ән кемде-кем. Соған сай, біраз атақ-марапаттарыңыз да бар, талай ғажайып оқиғалардың куәсі болдыңыз. Десек те, сізді не таң қалдырады?

— Уақыттың зымырап өте шығатындығы… Тіпті, кейде «қалайша бұлай болды, кеше ғана сахнаға алғаш шыққандай едім» деп ойға бататыным бар. Болмаса, менің кезінде айтқан туындыларымды ретро әндерге қосып жатқанда, «мен әлі қартаймадым ғой» деп аздап ренжіп қалатыным бар (күліп). Әйткенмен, қайткенде де уақытпен санасуға тура келеді екен…

— Риясыз әңгімеңізге рахмет!

 

«Қазақстан дауысы» жобасы аяқталған соң Батыс тобында өзгерістер орын алды.Оған бірден бір себеп топ әншісі Бауыржан Ретбаевтың жеңімпаз болуы. Эксклюзивті жаңалықпен бүгін топтың продюсері Ұлықпан Жолдасов біздің сайтымызбен бөлісті.

Батыс деген аты үшін біраз сынға ұшыраған топ енді «Дауыс.KZ» деп аталады. Бұл Ұлықпан мырзаның Бауыржанның жеңісіне және «Қазақстан дауысының» құрметіне арнайы дайындаған сыйы. Себебі топтағы екі әнші де сол жобаның қатысушылары. Бердібек Құлғараев өткен жылғы «Қазақстан дауысы» жобасында бақ сынап, жеңіске бір табан жақын келсе, Бауыржан Ретбаев барлық көрерменді мойындатқан биылғы жеңімпаз. Бір қызығы, Ұлықпан Жолдасов Бауыржанның жеңуіне тілектес болғанымен, бірде-бір рет дауыс бермепті.

«Дауыс берем десем, 140 теңгем жоқ емес. Бірақ менің қолдауымды Ұлықпан өзінің баласына бұрып отыр деп түсінуі мүмкін. Менің бір ғана дауысымнан ештеңе өзгеріп кетпейді ғой», — дейді Ұлықпан Жолдасов.

Бауыржанның жобадан босап, топтың шығармашылық жұмыстарына толықтай кірісуін асыға күтіп отырған жетекшісі: «Кейбір кісілер жазып жатты, Бауыржанға қатты қолдау көрсетіп жатыр, Ұлықпанға ақша керек болған шығар деп. Бірақ мен айта кетейін жеңімпаздың 5 миллионынан 5 тиында алмаймын. Ол жүлдеге менің, Дауыс.KZ тобының ешқандай қатысы жоқ, ол Бауыржанның еңбегі. Өзіне киім әлде көлік алады ма, көшеге шашып жібереді ме,өртеп жібереді ме өзі біледі», - деді.

 

Баян Нұрмышева мен Ерлан Орынбасаров отбасын құрды. Бұл туралы Баян кеше өзінің интаграммдағы парақшасында жазды. «Ерлан Орынбасаров екеуміз осындай өмірге қадам бастық….» деп жазған әнші неке жүзігін таққан суретін жариялады. Соңғы кездері екеуінің үнемі бірге жүретінін байқап, түрлі пікір жазған көрермендерге «арамызда ешқандай сезім жоқ, тек әріптеспіз» деп мойындамай келген болатын. Сондықтан Баян Нұрмышева «Аллахымның «әр қиындықтың артында жақсылығы бар» дегені осы болар. Бүгінге дейін сіздердің ойларыңызға жаман ой тастаған болсақ, бірінші Аллахтан, сосын сіздерден кешірім сұраймыз» деп некесін жариялауымен қатар халықтан кешірім де сұрады. Ал оқырмандары өз кезегінде екі жасты құттықтап, тілектерін жолдауда. Біз де екі жасқа бақыт тілейміз!

 

 

 

1/1

Please reload

bottom of page